Abstract:
Əлем тарихына көз жүгіртсек, ұзын сонар уақыт шексіздігінде адам тұрмақ бүтін елдер мен кезінде əлемді аузына қаратқан алып империялардың тарих бетінен жоғалып кеткенін байқаймыз. Дүние жүзіндегі елдердің қай-қайсысының тарихына үңілсеңіз, олар басқыншылардың жеміне айналмас бұрын өз ішінен рухани құлдырауға ұшырап, біртіндеп тарих қойнауына сіңіп кеткен. Ғылым мен білімнің ұшар шыңына көтеріліп, дамудың кемеліне жеткен бұл мемлекеттерді тарихтан мүлдем сызып тастауға болмайды. Егер олай етер болсақ, бізде соның кебін киеріміз хақ. Өткенін ұмыту айықпас кеселдің вирусын жұқтырғанмен бірдей. Асқынып кетсе емі табылмай тағдырдың басқа салғанына мойынсұнбастан басқа шара жоқ. Бүгінде ақыл мен білім иелік құрған заманда отаршыл мемлекеттер осы кеселді өзге мемлекеттерге қару етіп пайдалануда. Кеңестер кезіндегі саяз тарихымыз осының куəсі емес пе? Қазақстан тарихының жұқа оқулығы КПСС-тің етжеңді том-том тарихының жанында жəутеңдеп тұратын. Сол кезде Қазақстан деген ел Орта Азия кіндігін аяқасты жарып шықты ма деп ойлап қаласыз. Осы жұқа тарихта қазақты ғылым, білімі дамымаған, жазу-сызуы жоқ кең даласын кезіп көше берген көшпенділер деп оқытты. Бұл менсінбеушілікті келешек ұрпақ бойына сіңіруге тырысты. Осылайша қазақ елін тілі мен дінінен айырып, ата-тегінен қол үздіруге жанталасты. Алайда, ата-тектен қол үзу рухани құлдырауға алып келетінін алып империя сезіне алмады. Міне, осының салдарынан ыдырап тынды. Тарихтың осы көрінісі сан мəрте қайталанса да адамзат одан сабақ алар түрі жоқ. Бүгінгідей өркениет қанат жайған кезде тамырымыз тарихын тереңге жіберген сайын ойымыз бен өміріміз тереңдей түседі. Сол үшін де алыстай жаздаған өткенімізге сəл де болса мейіріммен қарағанымыз жөн.