Аннотации:
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе омбудсмен адам құқықтарын
қорғаудың күрделі көп деңгейлі жүйесіндегі маңызда тұлға. Әрбір мемлекет адам
құқықтарын қорғауға міндеттеме алады және ол үшін тиісті заңдар мен институционалдық құрылымдарды, соның ішінде ұлттық құқық қорғау мекемелерін қалыптастырады. Әдетте ұлттық құқық қорғау институттары адам құқықтарын ілгерілету және қорғау жөніндегі мемлекеттік құрылымдар ретінде анықталады. Адам
құқықтары жөніндегі уәкіл институтының ұлттық құқық қорғау мекемесінің жеке
моделі ретіндегі қызметі 1993 жылғы Париж қағидаттарында белгіленген нормаларға негізделген. Париж қағидаттары ұлттық құқық қорғау мекемелерінің әртүрлілігін ескере отырып, олардың жұмыс стандарттарын белгілеген құжатқа айналды.
Қазақстан Республикасы адам құқықтары мәселелерін қозғайтын көптеген халықаралық шарттарға қосылды. Осы келісімдер шеңберінде міндеттемелерді іске
асыру жөніндегі маңызды қадамның бірі 2002 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе омбудсмен институтын құру болды. Ол өз құзыреті шегінде адам
құқықтары мен бостандықтарының сақталуына және олардың қалпына келтірілуіне бақылау жасауға уәкілетті лауазымды тұлға. Оның қызметі адам құқықтары мен
бостандықтарын мемлекеттік қорғаудың қолданыстағы жүйесін толықтырады.
Мақалада Қазақстан Республикасы омбудсмен институтының ерекшеліктері қарастырылып, оның халықаралық стандарттарға сәйкестігі талданып, оны одан әрі
дамыту бағыттары айқындалды. Авторлар зерттеудің жалпы ғылыми және әлеуметтанулық әдістерін, атап айтқанда құжаттарды талдау және эксперттік сауалнаманы
қолданды. Жұмыстың мақсаты Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілетті
әлеуметтік институтын зерттеу, оның қызметінің ерекшеліктері мен перспективаларын анықтау. Зерттеу барысында ғылыми жарияланымдар, халықаралық эксперттердің ресми баяндамалары, ұлттық баяндамалар, сонымен қатар қызметі адам
құқықтарын қорғауға және жүзеге асыруға бағытталған халықаралық ұйымдардың
шолулары қолданылды.