Аннотации:
Тіл білімінде топонимдердің лексика-семантикалық мәнін айқындау,
этнографиялық сипатын саралау, оларды этимологиялық жақтан талдау қашан
да ерекше маңызға ие. Жалқы есімдерді семантикалық қырынан ғана емес, оларды
ұлт дүниетанымымен, салт-санасымен, мәдениетімен, ғасырлар бойғы тарихымен
байланыста қарау тілдің танымдық қызметінің зор екендігін көрсетеді. Зерттеу
мақалада «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін Талас, Жайық, Сайрам, Сыр,
Талғар секілді жер-су атауларына семантикалық талдау жасалып, этимологиясына
қатысты тұжырымдар берілген, этнографиялық сипаты сараланады. Олардың
ауыспалы не тура мағынадағы қолданысы, түркі тілдері арасындағы, өзге де тілдер
арасындағы фонетикалық өзгешеліктері мен морфологиялық ерекшеліктеріне назар
аударылады. Фонетикалық талдау кезінде дыбыстық сәйкестіктерге (варианттылық),
морфологиялық талдау барысында түбір, қосымшалардың жасалуына ерекше мән
беріліп, тарихи тұрғыда зерттеледі. Сонымен бірге, аталған топонимдердің бүгінгі
күндегі қолданысына, мағыналық жақтарына (семантикалық жақындығы мен
алшақтығына) салыстырмалы талдаулар жүргізіледі. Аталған тарихи шығарма
орта ғасырлық шағатай жазба ескерткіштерінің бірі болғандықтан, оның лексикалық
қабатында түркі тілдеріне ортақ тілдік бірліктер молынан кездеседі. Оларға
диахронды, синхронды талдаулар жүргізу арқылы қыпшақ тобы мен оғыз тобына
жататын түркі тілдері арасындағы лингвистикалық ерекшеліктер қарастырылады.
Зерттеу барысында алтаист, түркітанушы ғалымдардың зерттеулері, ғылыми
пікірлері негізге алынып ғылыми-теориялық тұжырымдар беріледі. Топонимдердің
этнографиялық сипатын зерделеу, тарихи шығу тегін анықтау, бүгінгі күндегі
қолданылу аясын көрсету, олардың ұлт санасындағы көрінісін ғылыми негізде зерттеу мақаланың өзектілігін аңғартады.