Аннотации:
Мақалада ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі немесе құймақұлақтық
қасиетпен жалғасқан Солтүстік Қазақстан облысының рухани мұраларының
жиналу, сақталу, зерттелу мәселелеріне және сол мұралардың жас ұрпақ тәрбиесіне
рөлі қарастырылады. Қызылжар өңірі – Сарыарқаның бір бөлігі ретінде, қазақтың
аспаптық музыкасы мен фольклорлық мұраларының тамыры үзілмей сақталған
қасиетті өлкенің бірі. Солтүстікті жайлаған елде қазақ халқының ұлттық
музыкасы мен фольклорының оның ішінде отбасылық әдет-ғұрып, салт-санаға
қатысты бай дәстүрлері сақталған. XVII-ХІХ ғасырдағы қазақта сөз бастаған ақынжыраулар Қожаберген Толыбайсыншыұлы, Шал Құлекеұлы, халықтың санасынан
өшпестей орын алған сал-серілер Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай,
Балуан Шолақтар салған әншілік өнердің түп негізі де осы өлкеде өркен жайған.
Бұл өңірде сақталған халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпына байланысты
мұралар, этнографиялық құндылықтар, ұлттық қолөнер туындылары, халық ауыз
әдебиетінің үлгілері (шілдехана, жоқтау, сыңсу, жар-жар, ән-күй, қара өлең, жұмбақ,
жаңылтпаш, жыр, терме, жарапазан, бақсы сарындары т.б.) ауызекі және атаданбалаға тікелей мұрагерлік жолмен таралып, ұлтымыздың және әлемдік адамзат
өркениетіне өзіндік үлесін қосуда. Сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін,
Қызылжар өңіріне шетелдерден қандастарымыз көптеп қоныс тепті. Қызылжар
өңіріне келіп қоныстанған қандастар легімен бүгінгі таңда жас ұрпақтың жадынан
ұмыт бола бастаған, ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, аспаптық муыкасы
мен этнографиясына қатысты қыруар мұралар келді. Осы мақаланың ғылыми талдау
бөлігінде, Қызылжар өңірін мекендеген байырғы қазақтар мен елге оралған қандастардан
жазылып алынған ауыз әдебиетінің байырғы үлгілерімен қоса музыкалық-фольклорлық
мұраларының аймақтық-орындаушылыққа тән ортақ ерекшеліктері мен ұлттық
рухани ортақтығы тұжырымдалады. Мақалада берілген «жұмбақ», «жаңылтпаш»,
«бақсылық сарын» сияқты фольклорлық мұралар туралы құнды деректер, 2022
жылы мақала авторының Қызылжар өңіріне жүргізілген ғылыми-зерттеу экспедиция
барысында жиналған тың материалдар негізінде сұрыпталды.