Abstract:
Мақалада Санкт-Петербург Ғылым академиясының академигі,
шығыстанушы, арабтанушы, филолог В. В. Бартольд еңбектеріндегі Қазақстан өзендерінің
гидронимиясы мен ортағасырлардағы гидрографиялық жағдайы кеңестік және
қазақстандық тарих, география және тіл білімі мамандарының зерттеулерімен салыстырыла
отырып талданады. Зерттеу материалдары ретінде академик В. В. Бартольдтің түрлі
зерттеулері, оның ішінде «Ислам энциклопедиясына» арнаған қазақ жерінің өзендері
туралы мақалалары, кеңестік және қазақстандық тарих, география және тіл білімі
мамандарының топонимикалық, географиялық, тарихи еңбектері қолданылады. Зерттеу
барысында автор В. В. Бартольдтің араб, парсы, қытай, т. б. тілдердегі ерте және
ортағасырлық кезең саяхатшыларының, тарихшыларының түпнұсқа еңбектерінің негізінде
Ертіс, Іле, Жайық, Сырдария, Шу және Торғай өзендері туралы жазған зерттеулері арқылы
ортағасырлардағы Қазақстанның тарихи географиялық келбетін қалыптастыруға талпыныс
жасайды. Мақалада аталған өзендердің атаулары мен гидрографиялық жағдайлары
академик пайымдауларымен және қазіргі уақыттағы география ғылымындағы
сипаттамаларымен салыстырылады. Талқылаулардың нәтижесінде академик
В. В. Бартольдтің ғылыми мұраларындағы Қазақстан өзен жүйелеріне қатысты
зерттеулерінің әлі де өзекті екендігі және осы тақырып аясындағы тарих, география және тіл білімі мамандарының өз зерттеулерінде академиктің пайымдаулары мен қорытындыларын негізге алатындығы аңғарылады. Осылайша, шығыстанушы ғалым, академик В. В. Бартольдтің ғылыми зерттеулерінің өміршеңдігі көрсетіледі.