Abstract:
Бұл мақалада антикалық философия тарихындағы адам тегінің қоғамдық
қатынастардың субъектісі болып туындауына, қалыптасуына байланысты идеялар
қарастырылды. Жалпы кез келген қоғамда ұрпақ өз дамуында екі сатыдан өтіп, әлеуметтік
организмнің түріне айналады. Бұл, бір жағынан, адамның жай, қарапайым өз тегін
жалғастырушы субъект ретінде қызмет атқаруымен анықталады. Екінші жағынан, адамның
ұрпақ ретінде белгілі бір ұлттық болмыстың, миф, дін, мемлекет формасындағы
идеологиялық тартыстың әрі объектісі, әрі субъектісі ретінде қарастырылады. Бұл негізді
Л. Морган «societas» және «civitas» формаларында анықтаған. Сондықтан біз де мақалада
ұрпақ ұғымының «civitas» формасындағы көрінісін зерттеуге тырыстық және мақала
тақырыбының методологиясын Платонның, Аристотельдің идеалды мемлекет, ізгілікті
қоғам, бақыт, адамдағы мақсаттылық секілді этикалық ойларынан алуға ұмтылдық. Платон
мен Аристотельдің философиялық ойларындағы өзектілікті А. Шопенгауэр, К. Ясперс
пікірлерімен толықтырып, қазіргі қазақстандық қоғамдағы адам болмысындағы
мәселелерімен бірге қарастырдық.
Аристотельдің уақыт, толассыздық, қозғалыс, мүмкіндік, болмыстың энтелехиясы
секілді категорияларына сипаттамалары берілді. «Адам-ұрпақ» ұғымы уақыттың негізгі
қасиеттері ретінде қолданылды. Платон адамды мемлекеттік биліктің құралы ретінде, өзінің
қажеттіліктері мен мүдделеріне қатысты әлеуметтік қызметтерді шартсыз орындаушы
тұлғасыздық тіршіліктің біріккен тұтастығы ретінде қарастырады. Аристотель бойынша:
уақыт қозғалыс емес, бірақ ол қозғалыссыз, жансыз өмір сүре алмайды. Уақыттың субстраты
қозғалыс болып табылады.