Abstract:
Мақалада әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда «мәдени жарақат» концептісінің
пайда болуы мен қалыптасуы, оның тарихи оқиғаларды зерделеуде қолданылуы сөз болады. П.Штомпканың «мәдени жарақат» теориясын ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы Қазақстандағы тарихи оқиғалардың салдарынан болған әлеуметтік, экономикалық, рухани салалардағы өзгерістерге әлеуметтанулық талдауға қолдану мүмкіндіктері баяндалады. Мақалада «Мәңгілік ел» идеясы аясында рухани жаңғыру үшін қажетті ұлттық кодты сақтаудың бір қыры көтеріледі. «Жарақат» ұғымының мазмұны кеңейіп, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда trauma studies бағытындағы «мәдени жарақат» концептісінің қалыптасуы мен оны тарихи оқиғаларды зерттеуде қолдану мүмкіндігін қарастыра отырып, қазақстандық зерттеушілердің де «әлеуметтік жады» және «мәдени жарақат» тұжырымдарын қазақстандық болмысқа тән ерекшеліктерді сараптауда қолдану дерегі келтіріледі. Посткоммунистік қоғамдағы «мәдени жарақат» туралы П.Штомпка ұсынған теорияның қазақстандық қоғамның басынан өткен тарихи оқиғаларды, соның ішінде ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы әлеуметтік, экономикалық, рухани өзгерістерге баға берудегі мүмкіндіктерінің өзектілігі баяндалады. Мақалада ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы өзгерістер тарих ғылымында «трансформация», «модернизация» немесе «трагедия» ұғымдары
аясында талданса, «мәдени жарақат» теориясы тарихи құбылыстарды әлеуметтанулық тұрғыдан тереңірек және кешенді пайымдауға мүмкіндік беретіні көрсетіледі.