Аннотации:
Мақалада өнердің бір түрі ретінде әдебиеттің әрі эстетикалық, әрі идеялық мақсат-міндеті бар екені қарастырылады. Көркемдік – сезім мен талғамға негізделсе, идея – ұлт, халық
сұранымынан, мүддесінен бастау алады. Қазақ әлімсақтан екі дүниенің (бұл дүние және бақи дүние) обал-сауабын, жауапкершілігін терең түсінген. «Бұ дүние – о дүниенің алдындағы баспалдақ»
деп санап, марқұмдардың рухы (аруағы) алдында есеп беріп отырған. Қайтқан адамды ақтық сапарға шығарып салу ерекше дәстүр ретінде орныққан. Бұл имани жоралғының поэтикалық көрінісі
– жоқтау. Большевизм жылдары Алаш зиялылары қазақ жоқтауларын жеке жинақ («23 жоқтау»)
етіп шығарып, Қазақ елінің дамуы мен бостандығы үшін күрескен тұлғалардың тарихи орнын байыптата алған. Сырттайғы формасы «халық мұрасы» болып көрінгенімен, ішкі мазмұны «азаттықты
жоқтау» екенін тұспалдай білген. Бір қызығы, осы «23 жоқтау» жинағын Мәскеуде даярлап шығаруға А. Байтұрсынұлы мен Ә. Бөкейхан қатар атсалысқан екен. Ішіне төрт ғасырдың арман-мұраты,
қайғы-мұңы, намыс-шері енген еңбекті – «азаттықты жоқтаудың рәмізі» деп сеніммен айта аламыз.