dc.description.abstract |
Қазақтар арасында ауызша да, кітаби түрде де кең тараған діни мазмұндағы
шығармалардың қатарында «Дариға қыз» және онымен мазмұндас «Қисса Шаһизинда» дастандарын атауға болады. «Дариға қызды» алғаш рет М.Жұмашұлы, ал «Қисса Шаһизинданы» Ж.Шайхысламұлы жариялаған. Екі дастанда да көптеген діндерде құтқарушы ретінде көрсетілетін Мәһди бас
кейіпкер болып көрінеді. Алайда бұл екеуіндегі Мәһдидің ата-анасы мен дүниеге келуі жайындағы
мәліметтерде елеулі діни-дүниетанымдық айырмашылықтың көрінісі бар. «Дариға қыз- да» шиғалық көзқарастың орны елеулі түрде көрінеді. Діни ұстанымы сүнниттік болғаны айқын Ж.Шайхысламұлының «Қисса Шаһизиндасында» «Дариға қыздағы» осы ұстанымды терістеу мақсатында,
Шығыс әдебиетіндегі «жауап» дәстүрінің арнасында жазғаны аңғарылып тұрады. Бұл екі кісіні де
аталған дастандардың авторы деп айту қиын. Екі дастанның да мазмұнынан және көркемдігінен
олардың фольклорлық айналымда көп болғаны және әуелгі шығарушылары оларды халық аузында айтылған аңыздар негізінде тудырғаны көрініп тұрады. Екі шығарманы салыстыра зерттеу фольклор мен жазба әдебиеттің өзара байланысын, қазақ даласындағы діни көзқарастардың сөз өнерінде із қалдыруын тереңірек тануға жол ашады. |
ru |