Аннотации:
XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы Ислам дінінің қағидалары
мен ұлт болмысының негізі салт-дәстүрді берік ұстанды. Аталған ұстанымдар
қазақ халқының ұлттық болмысының көркейе түсуіне септік болды. XIX ғасырдың
екінші жартысынан бастап патша үкіметінің отаршылдық саясаты өзі үстемдік
жасаған қазақ қоғамының ұстанған ұстанымдарына теріс әсерін тигізе бастады.
Туындаған әділетсіздік пен саяси-әлеуметтік жағдайлар ұлт жанашырларының жаңа
толқындарының бас көтеруіне себеп болды. Осындай алмағайып заманда ғұмыр кешіп,
ұлттық ой-сананың өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан тұлғалардың бірі – Бекасыл
Биболатұлы.
Сайрам, Қарнақ, Самарқанд, Бұқара, Дамашық қалаларындағы медреселерден алған
білімі негізінде азаматтық болмысы қалыптасып, ұлтына жанашырлық қыры
ашылған Бекасыл Биболатұлының алдында халқына адал қызмет жасау мақсаты
тұрды. Сол кезеңдердегі саяси әрекеттер негізінде туындаған түйінді мәселелерді
Бекасыл әулие өзінше шешу жолдарын іздеді. Осылайша Бекасыл әулие қоғамды
сауаттандыру мәселесіне аса назар аударып, медресе ашып бала оқытты. Халқының
денсаулығы, көшпенді түркілердің малынан айрылып егін шаруашылығын игеру
кезеңіндегі қоршаған табиғаттың келеңсіз жағдайларының егін шаруашылығына
әсері мәселелері толғандырып, қордаланған білімін қолжазба түрінде мирас етіп
қалдыруына себеп болды.
Бекасыл әулиенің һижра жыл санауы бойынша 1323 жылы жазып аяқтаған төл еңбегі
мен халық жадында сақталған естеліктерге сүйене отырып жазылған еңбектерге шолу
жүргізе келе, халқының қараңғылықтың шырмауынан шығуын, білімге ұмтылуын,
ізгелікке ұмтыла отырып жоғары адамгершілікке жетуді насихаттап, елдікке
шақырғанын көре аламыз.