Abstract:
Бұл мақалада Ұлы жазықтар (Great Plains) дала экожүйелеріндегі
биоалуантүрлілікті мониторингілеп, оны сақтау мақсатында жасанды интеллект (ЖИ)
технологияларын қолдану мүмкіндіктері қарастырылады. Биоалуантүрлілікті сақтау -
экожүйелердің тұрақтылығы мен экологиялық қызметтерді қамтамасыз етудің маңызды
факторы. Алайда, антропогендік әсерлер, соның ішінде урбанизация, ауыл шаруашылығы
және климаттың өзгеруі табиғи ортаның тозуына алып келуде.
ЖИ технологиялары, атап айтқанда машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау және
компьютерлік көру әдістері экожүйелердің жағдайын тиімді бақылауға, өзгерістерді болжауға
және тұрақты даму стратегияларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Далалық аймақтарындағы
биоалуантүрлілікті қорғау мақсатында ЖИ-ді енгізу экожүйелерді басқарудың ғылыми
негізделген шешімдерін әзірлеуге ықпал етеді. Мақалада ЖИ қолданудың негізгі бағыттары,
оның артықшылықтары мен шектеулері талданып, тұрақты даму тұрғысынан
перспективалары қарастырылады.
Зерттеу бастапқыда Қазақстанның дала геожүйелеріне бағытталғанымен, әдістемені
кеңірек тексеру мақсатында Солтүстік Американың Ұлы жазықтары аймағы таңдалды. Бұл
аймақ экожүйелік ерекшеліктері мен өсімдік жамылғысының таралуы бойынша Қазақстан
далаларына ұқсас, сондықтан зерттеудің нәтижелері мен қолданылған әдістерді Қазақстан
аумағына бейімдеуге болады. Сонымен қатар, Landsat 8 деректерінің қолжетімділігі мен өңдеу
тиімділігі бұл аумақта әдісті сынап көруге мүмкіндік берді. Алынған тәжірибе Қазақстанның
дала геожүйелеріне арналған болашақ зерттеулердің негізін қалап, автоматтандырылған
өсімдік мониторингінің әдістемесін одан әрі жетілдіруге көмектеседі.