Аннотации:
Мақалада ойын теориясы мен құрылымы, ойын құбылысы
зерттеушілердің еңбектері негізінде қарастырылып, талданған. Ойынның
теориялық сипатының анықтамасын мәдениеттану, әлеуметтану, философия,
психология ғылымдарының отандық және шетелдік ғалымдары жүйелі түрде
зерттейді. Сондай-ақ, мақалада автор ойын тақырыптарының әртүрлі
кезеңдердегі әртүрлі бағытта зерттелуіне шолу жасай отырып, теорияны
белгілейді, формалары мен түрлерін негіздейді. Ежелгі грек ойшылы Платон
ойынның негізін адам өмірімен тығыз байланыстыра қарастырса, Аристотель
ойынды «табиғатқа еліктеуден туған құбылыс» деп түсіндіргені белгілі.
Мәдениеттануда ойын теориясын ерекше мәдени құбылыс ретінде қарастырған
ғалымдардың ішінде Я.П.Блаватский, Ю.Хейзинг, М.Ф.Овсянников,
М.М.Бахтин, Г.Гессе, Ф.Шиллер және Н.А.Хренов ерекше орын алады.
Түркологияда ұлттық ойындармен қатар ойын құбылысы, ойын құрылымы мен
түркі дүниетанымындағы ойын мәдениеті, әрине, жан-жақты зерттеуді қажет
етеді. Автор түркі халықтарында кездесетін «ойын» атауларының мағыналарын
талдай отырып, этимологияға ерекше мән береді. Бірқатар ғалымдардың
талдауына сүйене отырып, көне заманнан бері қалыптасып келе жатқан ойын
мәдениетін түркі халықтары бақсылықтың көрінісі, ұлттық ойын, сахналық
қойылым сияқты түрлі мағынада қолданғаны анықталды. Демек, ойын
элементтерін, ойын құрылымын ғұрыптық ырымдардың өзінен көру ойынның
адамзат мәдениетінің құбылысы екендігін көрсетеді. Ойын құбылысы ерте
заманнан дамып, тарихи даму жолынан өтіп, қазіргі түркі халықтарының
мәдениетінде жалғасын тауып келеді.