Аннотации:
Көне Анатолияда (Кіші Азия) XIX ғасырдың басында
жарыққа шығарылған сына жазулы мәтіндер бұл аумақта табылған ең алғашқы
жазба дереккөздері. Аталған ескерткіштер орталық Кіші Азия яғни, қазіргі
Кайсери қаласының жанынан Kültepe қалашығында табылған. Kültepe (ежелгі Kaniš) қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының
нәтижесінде 23 мыңға жуық сына жазуы бар тақтайшалар табылған. Олардың бір
бөлігін жетекші маман-ассириологтар оқып, басып шығарған. Жазбаша
дереккөздердің ең алғашқы зерттеулерін ХХ ғасырдың басында бір топ көрнекті
шығыстанушы ғалымдар жүргізді. Олар B. Landsberger, J.Lewy, H. Lewy, P.
Garelli, L.Orlin, M.T.Larsen. Сонымен қатар K.Hecker, V.Soden секілді ғалымдар
кең көлемдегі жазба материалдарын зерттей келе, ежелгі ассириялық тілдің
грамматикасы мен сөздігін жасады. Қазіргі зерттеушілердің бірішамасы K.R.
Veenhof, C. Günbattı сол кезеңнің хронологиясымен айналысып жатса, K.Nashef,
G.Barjamovic және т.б. ғалымдар ежелгі Кіші Азия тарихи географиясы
сұрақтарына жауап іздеу үстінде.
Kültepe мұрағаттарындағы сына жазу құжаттарын түрлеріне қарай
бірнеше топтарға бөлуге болады: хаттар, ресми құжаттар және әртүрлі
меморандумдар, жазбалар, тізімдер. Оларды зерттеудің нәтижесінде сол
кезеңдегі Анатолияның қала мемлекеттерінің саяси және экономикалық жағдайы
туралы құнды ақпаратқа қол жеткізу мүмкін. Қазіргі таңда сына жазулы
деректердің оқылып жариялану жұмыстары әлі де жалғасып келе жатыр.
Сонымен қатар, Ассирия тілінің сөздігі құрастырылып мәтіндердің талдауы
туралы жаңа мақалалар жариялануда.