Abstract:
Журналистика салалары өркениеттің даму жолдарына және адамзат пен
қоғамның сұранысына сәйкес таңдалады. Уақытпен бірге қоғам мен адам, мамандықтар
да жүйелі трансформацияға ұшырап келеді. Ғылыми журналистика бағыты да өзінің
ерекше табиғатымен қызмет етуде. Біріншіден, ғылым мен білімнің жетістіктері
арқылы түрленіп, ықшамдалып отырса, екіншіден, ғылыми журналистиканың табыстылық факторлары нормативтік, құқықтық және практикалық негіздерге сүйенеді,
үшіншіден, ғылыми журналистика ғылыми қауымдастықтар мен көпшілік аудиторияның арасын жалғайтын функцияларды қоса атқарады.
Ғылымның жетістіктерін насихаттауды кәсіби журналистер мен ғылыми қауымдастық бірлесіп жүзеге асырады. Ұсынылатын контенттің қарапайым аудиторияға арналғаны ғылыми ақпараттың талдану деңгейінен байқалады.
Ғылыми журналистің когнитивтік деңгейі оның ғылыми дереккөздерді басқа дереккөздермен қатар еркін қолдануына көмектеседі. Автордың пікірінше, бұл қызметтер
журналистің ғылыми нәтижені жариялауымен таусылмайды. Журналист үшін ғылыми зерттеулердің нәтижесін сапалы жариялау – ғылыми коммуникацияның табыстылығының құрамдас бөлшегі.
Зерттеу қорытындысында ғылыми коммуникациядағы табыстылық дәрежесі журналистің когнитивтік және кәсіби деңгейіне тәуелділігі, оның қандай факторлармен анықталатыны тұжырымдалған.