Аннотации:
Бұл мақалада қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын Майлықожа
Сұлтанқожаұлының «Тотынама» атты шығармасының желісі мен ежелгі үнді әдеби
ескерткіштерінде кең таралған сюжеттің өзара үндестігі жан-жақты қарастырылған.
«Панчатантра», «Кәлила мен Димна» және «Хитопадеша» сияқты әлемге танымал
шығармаларда баяндалған тасбақа мен екі құстың оқиғасы көптеген елдердің әдебиетінде түрліше көрініс тапқаны мәлім. Әр жұрттың белгілі бір шығарманы өз табиғатына
бейімдеп, қайта түзген кезде, оның біршама өзгеріске ұшырауы – заңды нәрсе. Көне сюжеттердің төркіндестігін аңғартатын бұл құбылыс осы зерттеуге арқау болып отыр.
Орталық Азияның бірқатар халықтарының сөз өнеріне енген, қазақ жеріне түрлі жолдармен жетіп, руханият қазынасына қосылған көшпелі сюжеттің даму ерекшеліктері
айқындалып, жаңа туындыны жырлау кезінде қандай өзгеріске түсетінін зерделеуге ден
қойылған. Осы сюжетке негізделген қазақтың хайуанаттар туралы ертегілерінің шығу
төркіні жөнінде байыптама жасалған. Бақа мен екі тотының хикаясы жырланған Майлықожаның «Тотынама» мысалы ауызша авторлық поэзияның үлгісі ретінде зерттеу
нысанасына айналған.
Мақала авторы орта ғасырларда жазбаша шыққан қара сөз түріндегі шығарманың қазақ
топырағында өлеңге айналу жолдарына, жырлану ерекшеліктеріне, сюжеттің түрлену
тәсілдеріне жан-жақты талдау жасайды. Көне үнді сюжетінің басқа әдебиеттерге ауысу
барысындағы трансформациялану үдерісін айқындауға және бұл өзгерістер Майлықожаның «Тотынама» мысалында қалай орын алғанын көрсетуге мән берілген.